Алматы жүргізуші куәлігінен айыру туралы талап-арыздар саны бойынша көш бастады

Биылғы бірінші жартыжылдықта бірінші сатыдағы азаматтық соттарға Алматы қаласы бойынша көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы 757 талап-арыз түскен. Одан кейінге орындарда Ақтөбе – 757 және Қарағанды – 535 облыстары тұр. Бұл үш өңірге мұндай барлық талап-арыздың 38%-ы тиесілі екен.

magnific.com

Астана, NEGE. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, жыл басынан бері көлік құралын басқару құқығынан айыру немесе оны уақытша тоқтату туралы 5 336 талап-арыз түскен.

Түскен 5 336 талап-арыздың 5 161-і бойынша азаматтық іс қозғалған. Оның 4 251-і қаралып, 4 044 іс бойынша талап қанағаттандырылған, ал 207 жағдайда талап қанағаттандырылмаған.

«Бұл – 2025 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 3,7 есе көп және соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш», – делінген бюро хабарламасында.

Соңғы үш жыл қатарынан сотқа жолданған талап-арыздар саны бірнеше есе артқан. Мұндай өсім автомектептердің қызметіне бақылауды күшейту қажеттігі жөніндегі қоғамдық талқылаулармен тұспа-тұс келіп отыр. Өйткені 2016 жылғы 22 сәуірден бастап автомектеп ашу үшін бұрынғыдай міндетті лицензия алу емес, тек хабарлама беру жеткілікті болған.

Заңға сәйкес, жүргізушілерді даярлау, емтихан қабылдау және жүргізуші куәлігін беру қағидаларын бұза отырып берілген куәлік сот арқылы жүргізуші құқығынан айыруға негіз бола алады. Сондай-ақ жүргізуші жол қозғалысы ережелері бойынша білімін тексеруге жіберілгеннен кейін екі ай ішінде емтихан тапсырмаса, бұл да жүргізуші куәлігінен айыруға себеп болады.

Бұл ретте бюро өкілдері автомектептердің қызметін бақылауды күшейту мәселесі шешімін тапқанын атап өтеді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап автомектептерді ашу кезінде қайтадан рұқсат беру тәртібі енгізіледі.