Алматы және Алматы облысында электр энергиясы тарифін 8,3%-ға көтеру ұсынылды

«Алатау Жарық Компаниясы» электр энергиясының шекті тарифін қосымша құн салығынсыз, бір кВт·сағ үшін 36,33 теңгеден 39,36 теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

pixabay.com

Астана, NEGE. Бұл қолданыстағы тарифтен 8,3%-ға немесе 3,03 теңгеге жоғары, деп хабарлайды Atameken Business.

Егер ұсыныс мақұлданса, Алматы қаласы мен облысында жаңа тарифтер 20 тамыздан бастап күшіне енеді. Соңғы рет электр энергиясының тарифі 5 маусымда көтерілген болатын.

Компания тарифтің қымбаттауын электр энергиясын сатып алу бағасының өсуімен түсіндірді. 15 шілдеден бастап сатып алу бағасы бір кВт·сағ үшін 13 теңгеден 16 теңгеге дейін, яғни 23%-ға өскен.

Тарифті көтеру жөніндегі түпкілікті шешімді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті қабылдайды.