Алматы тауларында жоғалып кеткен 20 жастағы жігіт өлі күйінде табылды
Алматы тауларында жоғалып кеткен 20 жастағы жігіт өлі күйде табылды, деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
Алматы, NEGE. Жігіт 27 шілдеде жоғалған болатын. Іздеу жұмыстары 4147 метрлік Жастар шыңы аумағында басталған.
Құтқарушылар Мыңжылқыға көтеріліп, Жастар шыңына қарай жаяу бет алды. Жастар, Титова және Т1 шыңдары тексерілді, алайда ешқандай із табылмаған. Мыңжылқы үстіртінде ТЖД, еріктілер және дрондардың көмегімен жедел штаб құрылды.
«Қазавиақұтқару» АҚ әуе борты дайын болғанымен, 1800 метр биіктіктегі бұлт, найзағай мен секундына 20 метрге дейінгі боран кедергі келтірген.
«29 шілдеде «Жастар» шыңында жоғалып кеткен адамның денесі табылды. Құтқарушылар мұзды беткейге шығып-түсу үшін бес сағат уақыт жұмсады», – делінген хабарламада.