Алматы тауларында ақырған аю даусынан қорыққан туристер құтқарушыларды шақырды

Алматы тауларынан түсіп келе жатқан төрт турист ақырған аю дыбысынан сескеніп, құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болған.

pixabay.com

Астана, NEGE. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 18-23 жас аралығындағы туристер аюдың даусын «Медеу» бағытындағы №166 соқпақпен түсіп келе жатқанда естіген. Олар қорыққанынан өздігінен әрі қарай жүруге жүрексініп, құтқарушылардан көмек сұраған.

«Оқиға орнына Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары мен полиция қызметкерлері барды. Құтқарушылар жастармен кездесіп, оларды қауіпсіз жерге – "Медеу" аумағына дейін жеткізді», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Жастарға медициналық көмек қажет болмады. Олар әрі қарай қалаға бет алған.

Құтқарушылар тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы мен күннің бату уақытын назарда ұстауды ескертеді. 

Еске салақ, бұған дейін туристердің Алматы тауларында қар барысына кез болғанын жазған едік.