Алматы полициясы Канье Уэсттің концертінің билетіне қатысты маңызды ескерту жасады

Алматылық полицейлер америкалық рэпер Канье Уэсттің жанкүйерлеріне үндеу жасап, 14 тамызда өтетін концертке билет сатып алу кезінде алаяқтарға алданып қалмауға шақырды.

Wikimedia commons

Астана, NEGE. Полиция өкілдері концерт билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуды ұсынады. Сондай-ақ 13 тамызға дейін QR-коды бар билеттің ешкімге берілмейтіні ескертілді.

«Төлем жасалғаннан кейін сатып алушы ваучер алады, ол 13 тамызда автоматты түрде бірегей QR-коды бар электронды билетке ауыстырылады. Маңызды жайт: 13 тамызға дейін QR-коды бар дайын билет ешкімде болмайды. Сондықтан қолдан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы "дайын билет" сату туралы ұсыныстар алаяқтық болуы мүмкін», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұған қоса билетті қайта сату да тек ресми тәртіппен жүзеге асырылатыны хабарланды. Нақтырақ айтқанда, бастапқы ваучердің күші жойылып, жаңа иесіне жаңа ваучер рәсімделеді.

Полицейлер бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және ақпаратты тек ұйымдастырушылардың ресми арналары арқылы тексеруге кеңес береді.

Еске салсақ, әлемдік жұлдыз Канье Уэст 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл Орталық Азия тарихындағы ең ауқымды музыкалық шоу болмақ.