Алматы – Өскемен тас жолын жөндеген мердігер мемлекетке 115 млн теңгеден астам шығын келтірген – прокуратура

Жетісулық прокурорлар республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автомобиль жолын күрделі жөндеу кезінде мердігер ұйым тас пен топырақты заңсыз өндіргенін анықтады.

gov.kz

Астана, NEGE. Прокуратура мәліметінше, мердігер ұйым тиісті рұқсат құжаттарынсыз тау беткейінен тас пен топырақ өндіріп, оларды жол құрылысына негіз ретінде пайдаланған.

«Алдын ала есептеулер бойынша заңсыз жер қойнауын пайдалану салдарынан мемлекетке келтірілген залал 115 млн теңгеден асты», – делінген ресми хабарламада.

Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу барысы Жетісу облысы прокуратурасының бақылауында.