Алматы облысындағы полигондағы өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды
Алматы облысының Алатау қаласында қоқыс полигонында шыққан ірі өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді.
Алматы, NEGE. Бұл туралы 18 қыркүйекте қала әкімдігінде мәлімдеді.
«Алатау қаласында қоқыс полигонында орын алған ірі өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданды. Өрт ауқымды аумақты қамтығандықтан, төтенше жағдай режимін енгізу барлық қажетті күштер мен құралдарды – өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды, арнайы техниканы дер кезінде жұмылдыруға және барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар салдарды жою жұмыстарын жеделдетуге бағытталған», - деп хабарлады әкімдік.
Сонымен бірге жағдай тұрақты бақылауда екені, тұрғындардың өміріне еш қауіп жоқ екені айтылды.
«Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында арнайы тексеріс жүргізіледі.Тұрғындардан сабыр сақтап, ресми ұсыныстарға құлақ асуды сұраймыз», - делінген хабарламада.