Алматы облысында жеке сот орындаушысы құмар ойынға 140 млн теңгеге жуық қаржы салған
Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, 20 жеке сот орындаушысы букмекерлік кеңседе тұрақты түрде ойын шоттарын толықтырып, құмар ойындарға жүйелі түрде қатысып келген.
Астана, NEGE. Олар ойын шоттарына жалпы алғанда 180 млн теңгеге жуық қаржы аударған. Тексеру нәтижесінде олардың біреуі үш жыл ішінде ойын шотына 139 млн теңге, тағы бірі 26 млн теңге аударғаны анықталған.
«Жария-маңызды функцияларды іске асыратын тұлғалардың осындай көлемдегі қаражатпен құмар ойындарға қатысуы кәсіби әдеп қағидаттарына қайшы келеді және қоғамның жеке сот орындаушылары институтына деген сеніміне кері әсер етеді», – дейді қадағалаушы орган өкілдері.
Бұл фактілер бойынша Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына прокурорлық қадағалау актілері жолданып, тиісті шара қабылдау талап етілген.