Алматы облысында шала туған үшем шетінеп кетті: туыстары дәрігерлерді айыптап отыр

Өткен жұмада жүктіліктің 25 аптасында Қаскелең қаласындағы перзентханаға түскен әйелді дәрігерлер табиғи жолмен босандырған. Алайда үш сәби де шетінеп кеткен. Туыстарының айтуынша, үшемге аяғы ауыр болған келіншекке кесір тілігі жасалуы керек болған. Үш нәрестені жер қойнына тапсырған отбасы мән-жайды анықтап, кінәлі тұлғаларды жазалауды сұрайды.

Видеодан кадр/КТК

Астана, NEGE. Дәрігерлер суы кетіп, перзентханаға жеткізілген әйелге толғақ шақыратын екпе салып, табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды КТК.

«Таңғы 7-де келінім үшемді дүниеге алып келген. Негізі кесір тілігімен қалаға барып жатуы керек болған. Алайда мынандай төтенше жағдайда ұлым үшем екенін айтып, қалаға жіберіңіздер деп сұраған. "Босандыру қолдарыңыздан келе ме?" дегенде, "өте кішкентай, біз табиғи жолмен босандырып аламыз" дейді. Жетіде босанған, үшемнің екеуі бірінен кейін бірі шетінеп кетті деп айтты», – дейді Гүлжәмила Төлешова.

Отбасы үшінші сәби аман қалды деп үміттенген. Өкінішке қарай, ол да шетінеп кеткен. Туыстары оның шетінеп кеткенін жасырып қалды деп, дәрігерлерді айыптап отыр. Нәрестелерді жер қойнына тапсырған туыстары мән-жайды анықтау үшін эксгумация жасауды талап етіп отыр.

Жақындарының айтуынша, бес айға дейін әйелдің денсаулығына шағымы болмаған. Жүктілік бастапқы кезеңде жеңіл өткен. Бес айдан кейін келіншектің денсаулығы сыр беріп, жүктілікті сақтап қалу үшін ауруханада жатып, қажет ем-домын алған. Оны табиғи жолмен емес, кесір тілігі арқылы босандырғанда, мұндай жағдай болмас еді деп қапаланады жақындары.

Ал дәрігерлер жүкті әйелдің перзентханаға ауыр хәлде түскенін айтады. Сондықтан басқа ауруханаға ауыстыру мүмкін болмаған, сәбилер де небәрі 500 грамм салмақпен туған. 

«Жүктіліктің 25-аптасында үшеммен босану аса ауыр, шұғыл медициналық көмекті талап ететін критикалық жағдай болып саналады. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Сағат 7-де нәрестелер дүниеге келді. Барлығының туған кездегі дене салмағы өте төмен болды. Салмағы 500 грамға дейінгі нәрестелер экстремалды төмен салмақпен туғандар санатына жатады. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді», – деп түсіндіреді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

Бұған қоса ведомство өкілдері қазіргі уақытта ішкі аудит жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Полицейлер де болған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеп-тексеру амалы жүріп жатыр.

Үш сәбиінен айырылған 28 жастағы ана қазір перзентханада емделіп жатыр. Бұл оның үшінші жүктілігі болған. Оның үйдегі екі баласымен қосқанда бес перзенттің анасы атанамын деген келіншектің арманы сол күйі орындалмады. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана кінәлі адамдарды анықтап, оларға әділ жаза беруді сұрайды.