Алматы облысында полиция қызметкерінің жанып жатқан мәйіті табылды

Алматы облысының Кеген ауданында Алматы қаласы полициясының 37 жастағы қызметкері Аслан Әлсеровтің жанып жатқан мәйіті табылды.

gov.kz

Астана, NEGE. Ulysmedia.kz ақпаратынша, мәйітті 23 маусымда Көкпек – Көктал – Кеген тасжолынан шамамен 400 метр жерден мал қарап жүрген шопан тауып, полицияға хабар берген.

Тергеушілер қаза тапқан азаматтың Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет еткенін анықтаған. Мәйітте қатты термиялық зақымдар болған, ал оң қолының білегінен жанып кеткен арқанның қалдығы табылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс ерлі-зайыптының Алматыдағы пәтерінде жасалып, кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында мәйіт Кеген ауданына жеткізілген болуы мүмкін. Қылмыстық іс ауырлататын мән-жайлардағы адам өлтіру ретінде саралануда.

Тергеу аясында марқұмның жұбайы – бұрын Бостандық аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеген Арайлым Әлсерова мен ерлі-зайыптының 14 жастағы ұлы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, дәлелдемелер жиналып жатыр.