Алматы облысында полиция бастығының орынбасары әйелін көлікпен қағып кеткен

Қайғылы жағдай 16 мамыр күні таңға жуық Қонаев – Бақанас автожолында болған.

Видеодан кадр/Алматы облысы полиция депратаменті

Астана, NEGE. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Қабдолданов қызметтік көлікті жүргізіп келе жатқан, көлікте онымен бірге жұбайы болған, деп жазады Polites news желілік басылымы.

Жүргізушінің бастапқы түсініктемесіне сәйкес, Бақанас ауылына қарай бара жатқанда ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққан. Оның айтуынша, әйелі көліктен түсу үшін есікті ашпақ болған. Жүргізуші Бақбақты ауылы маңында көлікті тоқтатып, жұбайын түсіріп, кетіп қалған. 2–3 шақырым жүрген соң, әйелін қайта алып кету үшін кері бұрылған. Бұл уақытта әйел жолдың дәл ортасында отырған. Жүргізуші оны байқамай қалып, қағып кеткенін мәлімдеген. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Тексеру кезінде Қабдолдановтың қызметтік көлікті жол-сапар парағы негізінде басқарғаны анықталған. 15 мамыр күні ол полиция бөлімінің өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша сараптамалар тағайындау үшін Қонаев қаласына барған.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелін қағып кетті деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Сондай-ақ оның полиция қызметкері екенін растады.

«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

Полиция қызметі тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Енді басқа емханаға кез келген уақытта ауысуға болады

Павлодар облысында балаларға арналған 41 киіз үй лагері ашылады

Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты басталды

ҚТЖ қарызға белшеден батты: енді шығынды халық өтей ме?