Алматы облысында оқушы мұғалімді ұрып, дене жарақатын келтірген
Әлеуметтік желіде жасөспірімнің ер адамды аяусыз ұрып жатқаны көрсетілген видео тарады.
Астана, NEGE. Видео жаңа тарап жатқанымен, оқиға 16 қаңтарда болған. Алматы облысы Шамалған ауылында 11-сынып оқушысы сабаққа кіруін талап еткен мұғалімге жұдырық ала жүгірген. Салдарынан мұғалім жарақат алған.
Облыстық полиция департаменті дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Кәмелетке толмаған жасөспірім полицияға жеткізілді.
«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады.