Алматы облысында ит талаған баланың ісі: сотта жануардың иесі айыппен келіспейтінін мәлімдеді
Алматы облысы Жалпақсай ауылында ит талап, ауыр жарақат алған 11 жастағы Максимнің ісі бойынша жануарлардың иесі сот алдында жауап берді.
Астана, NEGE. Сотта айыпталушы баланың жарақаты ит талағаннан емес, биіктен құлағаннан болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы.
«Жалпы, маған тағылған айыппен келіспеймін. Оқиға болған кезде бір жасөспірім келіп, Максимді қоршаудан Илья итеріп жібергенін айтты. Түсінесіз бе? Мұның бәрі біздің аумақта болды. Стадионда емес. Екі күшік мұндай жарақаттарды физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да сала алмайды», – дейді ит иесі.
Ал мемлекеттік айыптаушы бақылаусыз қалған жануарлардың иесін «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтiру» бабы бойынша жауапқа тартуды сұрап отыр. Бұл бапқа сәйкес, ол қомақты айыппұл төлеуі, не бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жәбірленуші тарап та жеткіншектің денсаулығын қалыпқа келтіру үшін өтемақы өндіруге ниетті. Олардың айтуынша, айыпталушы баланың еміне көмек көрсету былай тұрсын, кешірім де сұрамаған.
«Міндетті түрде жасалатын отаға, өкінішке қарай, жәбірленуші тарапта ақша болмағандықтан, үш отаны өткізіп алдық. Сол отаны жасау үшін қазіргі таңда материалдық залалды өндіру талап-арызын беріп жатырмыз. Ота әлі жасалынбады», – дейді заңгер Арман Шәріпов.
Еске салсақ, бұл оқиға былтыр 30 маусымда Алматы облысының Ұмтыл ауылдық округінде болған. Айыптау актісіне сәйкес, 4-сыныпты бітірген Максим достарымен Жалпақсай ауылындағы ойын алаңында серуендеп жүргенде, шарбақты бұзып шыққан үш қабаған ит балаларды қуа жөнелген. Сонда қашып үлгермеген Максимді иттер бірден алқымнан алып, талап тастаған.