31 октября 2025 г. 10:44

Алматы облысында дәрігердің жағасына жармасқан тұрғын жазаланды

Фото: ЖИ

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық сотында М.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша (Медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызметкерлердің заңды қызметіне кедергі келтіру) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Алматы, NEGE. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 8 қыркүйекте шамамен сағат 17:00-де Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының №1 қабылдау бөлімінде азамат М. травматолог А.-ның атына балағат сөздер айтып, оны жағасынан алып, дәрігердің қызметтік міндетін атқару кезінде оған құрметсіздік танытқан.

Құқықбұзушы кәмелетке толмаған баласының жарақат алғандықтан, медициналық көмекке жүгінген.

Көмек көрсету кезінде травматолог А. сүйек сынуы мүмкін екенін айтып, гипс салуды ұсынған. Алайда пациент (баланың әкесі) дәрігердің іс-әрекетімен келіспей, сүйек сынбаған деп есептеген. Осыған байланысты ол наразылық білдіріп, бейәдеп сөздер айтып, дәрігерді жағасынан ұстаған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, дәрігердің ұсынған емдеу тәсілімен келіспегенін, эмоцияға беріліп, бейәдеп және орынсыз әрекеттерге жол бергенін айтып, жазаны соттың қарауына қалдырды.

Жәбірленуші травматолог А. сотта берген түсініктемесінде оқиға кезінде балаға медициналық көмек көрсетіп жатқанын, сол сәтте пациенттің әкесінен ауызша тіл тигізу мен физикалық қысым көргенін растады. Сондай-ақ ол М.-ның басқа медициналық қызметкерлерге де құрметсіздік көрсеткенін атап өтті.

Сот іс материалдарын зерделеп, тараптарды тыңдай келе, М.-ның әрекеттері дәрігердің қызметтік міндетін орындау кезінде оған ашық түрде құрметсіздік көрсету болып табылатыны жөнінде қорытындыға келді.

Соттың қаулысымен М. ҚР ӘҚБтК-нің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 (үш) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Сот медициналық қызметкерлерге тіл тигізу, қорқыту немесе кез келген құрметсіздік көрсетуге жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер заңмен белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ерекше атап өтеді.