3 марта 2026 г. 16:31

Алматы облысында 19 жыл бұрын әйелді өлтіріп, ізін суытқан ер адам сотталды

Фото: pixabay.com

Алматы облысында 2006 жылғы кісі өлтіру ісі ашылды.

Астана, NEGE. Тергеу дерегіне сәйкес, 2006 жылғы қыркүйекте Алматы қаласында үш адам такси жүргізушісі ретінде Қырғыз Республикасының азаматшасын автокөлікке отырғызған. Жолда әйелді буындырып өлтіріп, жеке заттарын ұрлап, мәйітін «Алматы – Қапшағай» тасжолына тастап кеткен.

2007 жылы екі сыбайлас сотталған, алайда үшінші адамға қатысты іс жүргізу тоқтатылған. Қылмыстық іс өткен жылдардағы ашылмаған кісі өлтірулер тізіміне енгізілмеген.

Алматы облысы прокуратурасының қызметкерлері Аида Иманәлиева мен Әлия Сәрсекеева бұрынғы істерге жүргізілген мониторинг барысында істің негізсіз тоқтатылғанын анықтаған.

Олар деректер базаларын салыстырып, қосымша мәліметтер сұрату арқылы күдіктіні Қарасай ауданынан тапқан.

«Иманәлиева мен Сәрсекееваның бастамашылығы мен кәсібилігінің арқасында әділдік орнады. Олар тергеу органдарына нақты нұсқаулар беріп, тергеу барысын ерекше бақылауға алды», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Нәтижесінде 2025 жылғы 9 шілдеде күдікті ұсталып, дәлелдемелер жиналғаннан кейін іс сотқа жолданды.

«2026 жылғы 24 ақпанда сот айыптау үкімін шығарып, кінәлі 16 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.