Алматы облысында 19 адам сушиден уланған: дәмхана жұмысы уақытша тоқтатылды
Алматы облысы Боралдай ауылында жиырмадай адам тағамнан улану белгілерімен медициналық көмекке жүгінген соң Sushi Time кафесінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Дәрігерлерге жүгінген тұрғындардың 19-ы ауруханаға жатқызылған.
Астана, NEGE. Санитариялық дәрігерлер жаппай уланудың мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
«Алдын ала мәлімет бойынша, олардың барлығы бұған дейін аталған мекемеден сатып алынған тағам өнімдерін тұтынған. Алғашқы шағымдар түскеннен кейін бұл іске санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары, денсаулық сақтау органдарының өкілдері және жергілікті атқарушы органдар тартылды», – делінген Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарламасында.
Қазіргі уақытта дәмханада тексеру жүргізіліп жатыр. Зертханалық сараптама жүргізу үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынды. Жиналған материалдар уәкілетті органдарға жолданған.
Оқиғаның нақты себептері тексеру аяқталып, зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғаннан кейін белгілі болады.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері қазақстандықтарға жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану орындарын таңдауда ерекше мұқият болуды, нысандардың санитариялық жағдайы мен азық-түлікті сақтау талаптарының орындалуына жіті назар аударуды кеңес береді.
Дәрігерлер құсу, іш өту немесе дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болған жағдайда өздігінен емделуге болмайтынын, мұндайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертеді.