Алматы облысында 104 жастағы кейуана референдумда дауыс берді
Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылының 104 жастағы тұрғыны, алтын құрсақ ана Күлпара Шортанова бүгінгі республикалық референдумда өз таңдауын жасады.
Астана, NEGE. Ақ жаулықты әже Ұзынбұлақ ауылындағы №573 референдум учаскесінде дауыс берді.
«Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын, ел билейтін азаматтарымыз көреген саясатпен қазақтың көсегесін көгертсін!» – деп Күлпара әже өз таңдауын жасап болған соң ақ батасын берді.
Күлпара әжемен бірге бүгінгі референдумда сексенді еңсерген ұлдары Марат Тақабаев пен Манас Тақабаев, елуден асқан немересі Олжас Маратұлы және шөберелері мен келіндері дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдірді.
Ғасыр куәсі болған әже 2024 жылы Қазақстанда өткен АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдумға да қатысып, өз таңдауын жасаған еді.
Осылайша, ғасырдан да ұзақ жасаған кейуана әлі де қоғам өміріне белсене қатысып, ел тұрғындарына үлгі болып келеді.