Алматы метросында колледж студентінен оқ-дәрі табылып, қылмыстық іс қозғалды

Алматы метросында кәмелетке толмаған жолаушыдан Калашников автоматына тиесілі болуы мүмкін үш оқ табылды.

pixabay.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде қалалық полиция өкілдері хабарлады.

Метрополитендегі полиция басқармасы қызметкерлері «Райымбек батыр» метро станциясында тексеру жүргізген кезде қаладағы колледждердің бірінің студенті күдік туғызған. Жеке тінту кезінде оның сөмкесінен үш оқ табылған. Ал студенттің өзі сөмке өзінікі емес екенін алға тартқан.

«Оқиға орнына Жетісу аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы дереу келді. Табылған оқ-дәрілер тәркіленіп, тиісті сараптамаға жолданды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.

Полицейлер қазіргі уақытта оқтардың қайдан алынғанын анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізуде.

Бұл ретте қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілді.