Алматы маңындағы аудандардың бірінде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды

Алматы облысы Қарасай ауданында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, аумақтағы карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақтың сырғуына байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

gov.kz

Астана, NEGE. Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, оқиға бүгін, 2 шілде күні сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында болған. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы 9 жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді.

«Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім қажетті жұмыстарды жедел жүргізіп, тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының қалған аудандарында жағдай тұрақты», – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта мамандар аумақты тексеріп, инженерлік және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жұмысқа барлығы 19 маман мен 14 техника жұмылдырылған. Бұған қоса тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Жүргізіліп жатқан жұмыстар Алматы облысының әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Әкімдік тұрғындарды сабыр сақтауға, уәкілетті органдардың ұсыныстарын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.