9 января 2026 г. 17:53

Полиция генерал-майорлары ауысты: ІІМ-де ауыс-түйіс болды

Фото: gov.kz
Ішкі істер министрлігінде жоспарлы кадрлық ауыс-түйістер болды.

Астана, NEGE. Ішкі істер министрінің бұйрығымен аппарат басшысы және бірқатар өңірдегі полиция бастықтары тағайындалды.

Полиция генерал-майоры Рысбаев Айдос Какашаұлы ІІМ Аппаратының басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Көліктегі полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

Полиция генерал-майоры Қабденов Мұрат Талапұлы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы болған.

Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы болған полиция генерал-майоры Заппаров Арыстанғани Расылханұлы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы қызметіне ауысты.

Ал Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы болып полиция генерал-майоры Қабдулдинов Айдын Тоқтарұлы тағайындалды. Ол бұрын Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

Полиция полковнигі Жүсіпов Абай Қуатбайұлы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы атанды. Бұған дейін ол Ақтөбе облысы полиция департаментін басқарған.

Ақтөбе облысы полиция департаментіне полиция генерал-майоры Әлиев Қайыркен Жетпісбайұлы басшы болып келді. Ол бұған дейін Ұлытау облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

Полиция генерал-майоры Оразбаев Нұрхат Кенжебайұлы Ұлытау облысы полиция департаментіне келді. Бұған дейін Атырау облысы полиция департаментін басқарған.

Полиция генерал-майоры Бекиев Оңал Ботаұлы, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды. Ол бұрын ІІМ Аппараты басшысы қызметін атқарған.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәлімдеуінше, басшылық құрамды өзгерту  құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға, қызметтің нәтижелілігін арттыруға және «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған.