18 декабря 2025 г. 9:01

Бір тәулікте екінші жағдай: Air Astana-ның тағы бір ұшағы шұғыл түрде қонуға мәжбүр болды

Фото: Air Astana

18 желтоқсан түнде Алматыдан Бангкокқа ұшып бара жатқан Air Astana ұшағы техникалық себептерге байланысты Дели әуежайына қонды.

Астана, NEGE. Air Astana әуе компаниясының хабарлауынша, 138 жолаушысы бар ұшақ Алматыдан түнде ұшып шығып, таңғы сағат алтылар шамасында Делиге штаттық режимде қонған.

«Барлық жолаушыға тамақ беріледі, уақытша визалар ресімделді, әуе компаниясы жолаушыларды қонақ үйге орналастыру мәселесін шешіп жатыр.

Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әуе компаниясының сөзсіз басымдығы болып саналады», – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек Бангкокқа рейсті жалғастыру үшін резервтік борт дайындалып жатқаны мәлім болды.

Айта кетейік, 17 желтоқсан күні Алматы – Астана бағыты бойынша ұшып бара жатқан Airbus A321N EI-KDG әуе кемесінің салонында түтін шығып, Алматыға шұғыл түрде қонған еді. Экипаж мүшелері апаттық сигнал жариялады. Бұл ұшақ та Air Astana компаниясына тиесілі болған.