26 августа 2025 г. 10:40
Алматы әуежайында өзін өртеп жіберген ер адамның жағдайы белгілі болды
Оқиға 2025 жылдың 25 тамызында сағат 22:06-да Алматы қаласының әуежайындағы «Т-1» терминалының кассасында болған.
Алматы, NEGE. Ер адам №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлады Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«Жағдайы аса ауыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр», – деді ведомствода.
Аталған факті бойынша Көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық себептері мен мән-жайлары анықталуда.
Алдын ала мәлімет бойынша, оның мұндай қадамға баруына азаматтық некедегі жұбайымен арадағы жанжал себеп болған. Оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.