8 апреля 2025 г. 15:14

Алматы әкімінің орынбасарына айыппұл салынды

Фото: gov.kz

Түрксіб ауданының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз тексерген әкімдіктің лауазымды тұлғаларын жауапқа тартты.

Алматы, NEGE. Алматы прокуратурасының мәліметінше, қала әкімі орынбасарының тапсырмасы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу барысында аудан әкімдіктерінің қызметкерлері өз өкілеттіктерінің шегінен шығып кәсіпкерлерден құжаттарды заңсыз негізде ұсынуды талап еткен.

Мұндай әрекеттер заңнамаға қайшы келеді, себебі тексерушілерде бизнестен құжаттаманы талап ету үшін құқықтық негіздер болмаған. Тексеру жүргізу тәртібін бұзу фактілері бойынша аудан әкімдері аппараттарының 6 лауазымды тұлғасы ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабымен әкімшілік жауапқ тартылды. 25 материал бойынша 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұдан басқа Алматы қаласы әкімінің орынбасарына ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабымен кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.

Қазіргі уақытта барлық айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді.