Алматы әкімдігінің туристік турнесіне 1 млрд теңгедей бюджет қаражаты жұмсалған

Алматы әкімдігі биыл Лондон, Сингапур, Токио, Доха, Шанхай, Сеул, Дубай және басқа да қалалардағы халықаралық туристік көрмелерге қатысуға шамамен 830 млн теңге бөлген.

yandex.kz

Астана, NEGE. Juzmedia.kz желілік басылымының жазуынша, маусым айында Ұлыбританиядағы WTM London туристік көрмесіне қатысу және «Алматы қаласының туризм күндері» іс-шарасын өткізу бойынша 82,6 млн теңгеге тендер жарияланған. Алайда жеңімпаз атанған «GLOBAL IT SUPPORT» ЖШС жұмысты шамамен 75 млн теңгеге орындауға келіскен.

Жыл басынан бері Туризм басқармасы Азия мен Еуропадағы ең ірі туристік көрмелердің барлығына дерлік қатысу үшін осындай қызметтерді сатып алған. Ақпан айында Сингапурдағы ITB Asia көрмесіне қатысу және оның аясында «Алматы қаласының туризм күндерін» өткізуге 92 млн теңгеге тендер жарияланған. Оны ең төмен баға – 80,4 млн теңге ұсынған «Business Blessing Trust-BBT» ЖШС ұтып алған.

Қытайда, Қатарда, Жапонияда және басқа елдерде өткен көрмелерге қатысу үшін де осыған ұқсас келісімшарттар жасалған. Атап айтқанда:

  • Гуанчжоудағы GITF көрмесіне – 74,8 млн теңге;
  • Дохадағы QTM-ге – 67,9 млн теңге;
  • Токиодағы Tourism Expo Japan көрмесіне – 76,7 млн теңге;
  • Малайзиядағы MATTA Fair-ге – 64,5 млн теңге;
  • Гонконгтағы ITE Hong Kong көрмесіне – 78,7 млн теңге;
  • Шанхайдағы ITB China-ға – 76,4 млн теңге;
  • Сеулдегі SITF көрмесіне – 77,7 млн теңге;
  • Дубайдағы ATM Dubai көрмесіне – 78,5 млн теңге;
  • Мумбайдағы OTM көрмесіне – 79,2 млн теңге көлемінде келісімшарттар жасалған.

Бұл қаражатқа әкімдік өкілдерінің халықаралық әуе сапарлары, төрт жұлдызды қонақүйлерде тұруы, виза рәсімдеу қызметтері, трансфер, тәуліктік шығындар, жабдықтарды тасымалдау, көрме стендтерін безендіру, қатысушыларға арналған ұлттық киімдер, әртістер мен батырлар бейнесіндегі актерлердің өнер көрсетуі, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызу, кәдесыйлар, VIP-сыйлықтар, флешмобтар, фотозоналар, ұтыс ойындары, кофе-брейктер, кешкі астар ұйымдастыру, бейнетүсірілім, жарнамалық өнімдер әзірлеу кірген.

Әрбір көрмеде кемінде жүз B2B-кездесу өткізу, шетелдік туроператорлармен ондаған келісімге қол қою, жарнамалық материалдарды тарату және Алматының халықаралық туристік брендін ілгерілету талап етілген.

«Алайда мемлекеттік сатып алуларға қатысты ең маңызды сұраққа жауап жоқ: жүздеген миллион теңге көлеміндегі бұл шығындар нақты қандай нәтиже берді? Былтырғы көрмелерден кейін Алматыға қанша шетелдік турист келді? Қандай келісімдер жаңа туристік ағындардың қалыптасуына ықпал етті? Қай нарықтар тиімді болды, ал қайсысы тек есептегі көрсеткіш болып қалды? Техникалық тапсырмаларда бұл сұрақтардың жауабы көрсетілмеген», – деп жазады басылым.

Сондай-ақ мақала авторы келісімшарттардың басым бөлігі айналдырған екі-үш компанияға тиесілі болғанына назар аудартады. «Business Blessing Trust-BBT» ЖШС Доха, Токио және Малайзиядағы көрмелер бойынша тендерлерді жеңіп алса, «GLOBAL IT SUPPORT» ЖШС Лондондағы іс-шараны ұйымдастырады. Ал қалған алты конкурс бойынша «NomadOne» компаниясы жеңімпаз атанған. Осы компаниялар Алматының халықаралық көрмелерге қатысуын қамтамасыз етіп, жүздеген миллион теңге көлеміндегі келісімшарттарды иеленген.