Алматы әкімдігі эвакуация туралы ақпаратты теріске шығарды

Алматы қаласының әкімдігі Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан «Ақсай өзеніндегі сел қаупіне байланысты Наурызбай ауданы тұрғындары эвакуацияланып жатыр» деген ақпаратты теріске шығарды.

yandex.kz

Астана, NEGE. Әкімдік өкілдері Наурызбай ауданындағы жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.

«Наурызбай ауданында су деңгейінің көтерілуі мен тұрғындарды эвакуациялау жағдайлары тіркелген жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті мен Наурызбай ауданы әкімінің аппаратының мәліметінше, аудан тұрғындары эвакуацияланбаған», – делінген хабарламада.

Ал уақытша орналастыру пункттерін әзірлеу – тек алдын алу мақсатында қолға алынған шара.

«Дабыл беру жүйесі іске қосылғанымен, уақытша орналастыру орындарына тұрғындардан ешқандай өтініш түскен жоқ», – дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ қалалық қызметтер Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, Ақсай өзені бассейніндегі ахуалды қадағалап отырғаны айтылды.

«Тұрғындардан сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа ғана сенуді және расталмаған мәліметтерді таратпауды сұраймыз. Ахуал өзгерген жағдайда тұрғындарға ресми байланыс арналары арқылы жедел түрде хабарланады», – деп хабарлады әкімдіктегілер.

Еске салсақ, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Наурызбай ауданында сел қаупіне байланысты Ақсай өзені бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Сонымен қатар тұрғындар аудандағы мектептер жанынан ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылып жатқаны айтылған болатын.