Алимент төлеуден жалтарғандарға көмектесетін компаниялар тексеріске ілігеді

Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков алимент төлеуден жалтару әрекеттеріне тосқауыл қою үшін жаңа цифрлық бақылау тетігі енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, енді қызметкерлерге жалақыны «конвертпен» төлейтін компанияларға арнайы push-хабарламалар жіберіледі.

istockphoto.com

Астана, NEGE. Вице-министрдің айтуынша, алимент төлеуден жалтару көбіне табысты әдейі төмен көрсету арқылы жүзеге асады. Кейбір қызметкерлер ресми түрде 70 мың теңге ғана алатынын көрсетіп, қалған ақшаны қолма-қол алады. Соның салдарынан алимент көлемі де азайып кетеді.

Осы мәселені шешу үшін Әділет министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, бухгалтерлерге арналған арнайы ескерту жүйесін әзірлеген. Жасанды интеллект арқылы қызметкердің жалақысы оның білімі мен мамандығына сәйкес келмеген жағдайлар анықталып жатса, бұл күмән туғызады.

«Егер инженер Астанада жұмыс істесе, ол қалайша 200 мың теңгеден аз жалақы алуы мүмкін? Демек, қалған ақшаны ол “конвертпен” алып отыр деген күдік бар. Біз бухгалтерлерге мынадай push-хабарламалар жібереміз: “Қызметкеріңіздің жалақысы өте төмен, оның дипломы мен біліктілігіне сәйкес емес. Табысының қалған бөлігін сіз оған ‘конвертпен’ беріп отырсыз деп ойлаймыз”. Әрине, ешбір бухгалтер салық комитетінен тексеріс келгенін қаламайды», – деп түсіндірді Молдабеков.

Вице-министрдің пікірінше, мұндай хабарламалар жұмыс берушілерді қызметкердің нақты алатын жалақысын ашық көрсетуге ынталандырады. Себебі ескерту алған компаниялар салық органдарының тексерісіне ілінуден қауіптенеді.

Нәтижесінде алимент төлемдері қызметкердің толық табысы негізінде есептеліп, балаларға төленетін қаражат көлемі артады деп күтіліп отыр.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың мәліметінше, Қазақстанда алимент бойынша берешек 18 млрд теңгеге жеткен.

Қазір оқып жатыр

Перуашев Бектеновтің басқару стилін жоғары бағалады

Базарбек шетелде қалып қойған «Болашақ» түлектерінен қаржыны қайтаруды талап етті

Ақтөбе облысы аумағына дрон құлады

Қазақстан ОПЕК+ келісімінен шығуды жоспарлап отырған жоқ