Алидар Өтемұратовтың компаниясы білім платформасын іске қосты

7 маусымда Алидар Өтемұратов негізін қалаған DAR компаниясы алғашқы 1000 қолданушыға tech және бизнес саласындағы білім беру курстарына грант бөлетінін хабарлады.

Қазіргі уақытта 5Q.kz платформасының бета-нұсқасында 6 курс қолжетімді: Java тілінде backend-программалау, жаңадан бастаушыларға арналған QA, бизнесті сараптау (бастапқы деңгей), қазақ тілі, SMM және Excel. Компания курстар бірегей 5Q әдісі негізінде әзірленгенін мәлімдеді.

Соңғы жылдары компания ақпараттық кеңістікте үнсіздік сақтап келді. Күні кеше білім беру платформасын іске қосып, онда онлайн курстарын жүктепті. Компания кейінгі жылдары не істеп жатыр, қандай жобалары бар, неліктен компанияның цифрлық өнімдері туралы ақпарт болмағанын Nege тілшісіне былайша түсіндірді.

«Ақпарат кеңістігінде үнсіздік сақтауымыздың басты себебі – осы уақыт аралығында білім беру және финтех салаларында қосымшаларды жасаумен айналысып келеміз. Ал бүгін біз нарыққа осы әзірлемелердің бірінші кезеңін көрсетуге дайынбыз. Неліктен DAR компаниясы білім саласына бас сұғып отыр деген сұрақтың туындауы орынды. Бұл сала кездейсоқ таңдалған жоқ. Кезінде нарықта білікті кадрлардың тапшылығына тап болдық. Бұл мәселені шешу үшін 2016 жылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттердің біздің компанияда тағылымдамадан өту бағдарламасын іске қостық. Жоба сәтті болып шықты. Тағылымдамадан өткен студенттердің жартысы бізде жұмысқа қалды. Сөйтіп, пандемия кезінде біз оны цифрлық форматқа көшіріп, әдістемелік тұрғыдан курсқа айналдырдық», – деп түсіндірді DAR компаниясының басқарушы серіктесі Болат Садықұлов.

Платформаның бета-нұсқасы іске қосылғандықтан, оның мақсаты – пайдаланушылардан оқу материалының сапасы туралы пікірін және басқа қандай білім беру курстарынан өткісі келетіні туралы ұсыныстарды алу және платформаны тестілеу. Қазіргі уақытта «Java тілінде Backend-программалау» және «IT-де бизнес сараптау» курстары ең танымал болып шықты. Сонымен қатар, платформада қазақ тілінде «SMM – қысқа да нұсқа» және «Excel: кестелер сиқыры» курстарына өтінім қабылдау әлі де жүріп жатыр.

«Бізде белсенді жұмыс істеп жатқан, іске асыруға дайын тағы бір бағыт бар, ол – ойын-сауық және спорттық контент. Қазақстандағы ММА саласын табысты дамытып келе жатқан Naiza спорт промоушені 2020 жылдан бастап біздің компанияның серіктесі болды. Шілдеде EFC-мен, яғни Хабиб Нурмагомедовтің промоушенімен Ақтауда үлкен іс-шара өткіземіз», – деп жалғастырды Болат Садықұлов.

Компанияның хабарлауынша, 5Q.kz платформасында қазақстандықтар арасында өте танымал спорттық және басқа да шаралардың тікелей трансляциясы қолжетімді болады. 5Q платформасы жеке ресурстарымен шектелмейді және контент-креаторларды серіктес болуға шақырады.

5Q философиясы – DAR компаниясының жеке тұлға қалыптастырудағы бірегей тәсілі мен философиясы. Осы 5Q аясында құрылған жобалар мен өнімдер адамның жан-жақты ілгерілеуіне негіз болатын интеллектуалдық (IQ), рухани (SQ), эмоционалдық (EQ), физикалық (PQ) және цифрлық (DQ) дамумен тығыз сабақтасып жатыр.