3 февраля 2020 г. 18:25

Әли Оқапов өнердегі бағытын басқа арнаға бұрса, Дидар Кәден тұрақты жұмысынан кетті

Әлеуметтік желіден әлемнің түкпір-түкпірінде демалып жүрген отандық жұлдыздарды көресіз. Десе де жан рахатын жұмыстан табатындар да жоқ емес.

2020 жылды әртістердің  басым бөлігі демалыстан бастаса, енді бірі қызу жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен. Солардың бірі Әли Оқапов. Өткен жылы халықтың алдында есеп берген өнер иесі, осы жылы әншіліктен гөрі актерлікке көбірек көңіл бөлсем  деп отыр. 

Әли Оқапов: Өнерден кетпеймін. Десе де бағытым басқа жаққа бұрылатын сияқты. Өткен жылы  мен есеп беру концертімді өткіздім. Сондықтан осы жылы жүргізушілік, актерлыққа аса мән беруім керек.

Оқапов мырзаның осы жылы орындасам деген жоспарлары мұнымен бітпейді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін әнші жыл соңына дейін тыңдармандарына арнап тосын сый дайындап қойған.  

Әли Оқапов:  Әндерімде өзгеріс болады. Келесі түсіретін бейнебаянды шамамен екі ай көлемінде түсірмекшімін. Әннің тақырыбы ерекше болмақ. Таңқалдыруға тырысамын. Әнбаянға түсетін актер де танымал. Ол кісімен әлі сөйлеспедім. Бірақ ол келіссе бәрі ойдағыдай өтсе, көктемге қарай жарыққа шығарамын. Тыңдармандарыма арнаймын.

Әли Оқапов жаңа бағытты ойластырып жүрсе, оның әріптесі Дидар Кәден өнерге бет бұрды. Ол мемлекеттік қызметтен кетіп, шығармашылығын қайта қолға алды.

Дидар Кәден: Басшылық қызметте 4 жыл болды жүргеніме. Өнер адамдары мені түсінетін шығар, сахнаға шыққың келеді. 7 жыл музыкалық білім алғаннан кейін шыны керек, отыра алмайсың. Студияға барып ән жазсам екен деген ойда жүресің. 

Осы уақытқа дейін өнер иесі музыканы мемлекеттік қызметпен алмастыра алмаған.

Дидар Кәден: Мемлекеттік қызмет керек, ертең болашаққа керек.  Зейнетақысы бар,  тағысын тағы. Бірақ мен өзімді бұл қызметте көрмеймін. Менің орным сахна. Сондықтан өнерге қайтып келдім. Шығармашылығымды қолға алдым. Енді жаңа әндер жазып жүрмін. Алдағы уақытта жақсы жаңалықтармен бөлісетін боламын.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы деп тегін айтылмаса керек.  Ендеше, сахнаға қайта оралған  Дидар Кәденге бағындырар белестеріңіз көп болсын деп тілейміз!

Тегтер: