19 ноября 2025 г. 10:16

Бозымбаев Алғабастағы өрт жайлы: Қылмыстық құрам жоқ

Фото: arasha.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысының Алғабас ауылында болған өртке қатысты Үкіметте баяндама жасады. 

Астана, NEGE. Оның айтуынша, 12 адамның өмірін қиған өрт оқиғасында қылмыстық құрам жоқ. 

Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталуда. Алдын ала, қылмыстық құрам жоқ, – деді Бозымбаев. 

Тергеу аясында ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Айта кетейік, 18 қараша күні сағат 5:36-да Түркістан облысының Жетісай ауданы, Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шықты. Екі қабатты тұрғын үй толығымен өртке оранды. 12 адам қаза тапты, олардың тоғызы балалар. Үш адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. 

Бозымбаев марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сонымен қатар, мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берілгенін айтты. 

Оның ішінде Төтенше жағдай министрлігіне елдегі хостелдер мен жатақханаларды, жер үйлерді, әсіресе осал топтарға тиесілі үйлерге рейдтер жүргізіп, тиісті шараларды қабылдау және тиісті жабдықтарды орнатуға тапсырма берілгенін мәлімдеді.