Әлеуметтік тұрғын үйге бөлінген 101 млн теңгені жымқырған: Алматы облысында үш адам сотталды
Алматы облысы Райымбек ауданында үш адам бірігіп, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған деп айыпталды.
Астана, NEGE. Прокуратура олардың заңсыз әрекетінен 101,4 млн теңге залал келгенін анықтады.
Қадағалаушы орган таратқан ақпаратқа сәйкес, 2019-2024 жылдары аудан бойынша әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 596 млн теңгеден астам қаржыға 55 тұрғын үй сатып алынған. Тексеру барысында схемаға қатысушылар үй бағасын негізсіз көтеріп, кейін бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөлісіп алғаны анықталған.
2026 жылғы 5 тамыздағы сот үкімімен үш азамат Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу) бойынша кінәлі деп танылып, 7-8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.