Әлеуметтік оптимизм басым: жалпыұлттық зерттеу нәтижесі жарияланды

DATAmetrics компаниясы халықтың әлеуметтік көңіл-күйін сипаттайтын әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін ұсынды. Бұл деректер азаматтардың өмір сапасына берген бағасын, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістер мен болашаққа деген деген сенім деңгейін көрсетеді.

aqtobegazeti.kz

Астана, NEGE. Мәліметтер Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижесінде алынды.

Бетпе-бет сұхбат («face-to-face») әдісімен жүргізілген сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың тұрғын қатысты.

Халықтың әлеуметтік көңіл-күйі адамдардың өз өміріне, материалдық жағдайына және болашаққа деген сенім деңгейіне қандай баға беретіні арқылы анықталады. Зерттеу нәтижелері осы көрсеткіштердің барлығы бойынша респонденттердің жауаптарында оң көзқарас басым екенін көрсетті.

Ең жоғары көрсеткіш өмірге ризалық деңгейі бойынша тіркелген. Сауалнамаға қатысушылардың 63,3%-ы өз өміріне толық риза екенін айтса, тағы 31,9%-ы көп жағдайда қанағат білдіреді. Осылайша, респонденттердің 95,2%-ы өз өміріне оң баға береді. Ал 3,4%-ы өз өміріне онша риза еместігін, 1,1%-ы мүлде риза еместігін мәлімдеді.

Өз өміріне берілген оң баға отбасының материалдық жағдайын қабылдау деңгейінен де көрініс табады. Зерттеуге қатысушылардың үштен екісінен көбі (67,6%) отбасыларының материалдық жағдайы соңғы бір жылда жақсарғанын айтқан. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайы айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде жақсарғанын атап өтті.

Респонденттердің 25,5%-ы отбасының материалдық жағдайы өзгермегенін айтса, 6,6%-ы нашарлай түсті деп есептейді.

Азаматтардың бүгінгі күнге берген бағасы болашаққа деген үміт деңгейіне әсер етеді. Зерттеудің қорытындылары бойынша, сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі өз отбасының келешегіне сеніммен қарайды. Мысалы, әрбір он респонденттің шамамен сегізі (78,6%) бір жылдан кейін бүгінгі күннен жақсырақ өмір сүретініне сенеді. Оның ішінде 45,0%-ы өз жағдайы айтарлықтай жақсарады деп үміттенсе, тағы 33,6%-ы белгілі бір деңгейде жақсаратынына үмітті.

Сондай-ақ 15,9%-ы өз отбасының тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп есептейді. Ал респонденттердің 3,4%-ы өз жағдайы нашарлауы мүмкін деп санайтынын айтқан.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң бағалаудың басым екенін көрсетеді. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі өз өміріне риза, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалайды және алдағы уақытта тұрмыс жағдайының жақсаратынына сенім білдіреді.