Әлеуметтік төлем: Қазақстанда отбасының байлығы қалай есептеледі?

Қазақстанда отбасының әл-ауқаты сегіз бағыттағы 59 көрсеткіш бойынша бағаланады. Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, мүлкі мен активтері, тұрғын үйі, жеңіл және коммерциялық көліктері, жер учаскесі, жеке қосалқы шаруашылығы, жұмыспен қамтылуы, несиелері мен мерзімі өткен берешегі, кәсіпкерлік қызметі бар.

pixabay.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның нақтылауынша, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Бұл санаттың өлшемдерінің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың ең төменгі күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп сома болады.

Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа есеппен 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, бизнесі немесе люкс және премиум санатындағы қымбат көліктері де ескеріледі.

Қазақстанда 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді. Қазір жүйеде 6,2 миллион отбасы немесе 20,6 миллион азамат туралы мәлімет жинақталған.

Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, отбасының әл-ауқатын бағалағанда бір ғана көрсеткіш шешуші рөл атқармайды. Мысалы, адамның баспанасы немесе көлігі болуы оның отбасы автоматты түрде ауқатты санатқа жатқызылады дегенді білдірмейді. Бағалау кезінде отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты барлық дерек кешенді түрде қарастырылады.

Жүйе нәтижесінде отбасылар бес санатқа бөлінеді: А – әл-ауқаты жоғары, В – ауқатты, С – қанағаттанарлық, D – экономикалық тұрғыдан осал, Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.

«Отбасының цифрлық картасындағы бағалау бір-ақ рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын, картадағы деректер автоматты түрде жаңартылып отырады», – дейді министрліктегілер.

Отбасының жағдайы өзгерсе, санаты да өзгере ме?

Ал отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса немесе басқа да ескерілетін жағдайлар өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.

Егер азамат отбасының құрамы немесе әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

Қате мәлімет бастапқы дереккөзде түзетілгеннен кейін, ол Отбасының цифрлық картасында автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты келесі бағалау кезінде қайта анықталады.

Мамандар отбасының әл-ауқат деңгейін ескеру мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындағанда оның нақты жағдайын әділ бағалауға көмектесетінін алға тартады. Бұл әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік бермек.