22 апреля 2025 г. 12:17

Әлемдік жəне отандық футбол жұлдыздары «Астана Арена» алаңында бас қосады

Фото: Астана Арена

25 сəуірде Астанада əлемдік жəне отандық футбол жұлдыздары «Астана Арена» алаңында бас қосады.

Астана, NEGE. Бұл кездесуде халықаралық аренада аты шыққан танымал футболшылар мен қазақ футболының аңыздары бір алаңда ойнайды.

Матчқа қатысатын əлемдік жұлдыздар қатарында – əлем чемпионы, италиялық қорғаныстың символына айналған Марко Матерацци, Ливерпуль аңызы Райан Бабель, «Интер» клубының аты аңызға айналған капитаны Хавьер Дзанетти, ойын өрнегімен есте қалған əмбебап жартылай қорғаушылар Кристиан Камбьяссо мен Кларенс Зеедорф, Манчестер Юнайтед шабуылшысы болған Димитар Бербатов, шапшаңдығымен танылған қорғаушы Майкон, аты аңызға айналған Клод Макелеле бар.

Қазақстан атынан алаңға шығатын ойыншылар – ел футболының тарихына есімін жазып кеткен саңлақтар. Олар: жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген Давид Лория, ұлттық құраманың ұзақ жыл капитаны болған Самат Смақов, шебер шабуылшы Танат Нүсербаев, қорғаушы Елдос Ахметов жəне бүгінде Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған Əли Əлиев.

Бұл кездесу — бірнеше буын футболшыларының басын қосатын, отандық футбол тарихына құрмет білдіретін ерекше шара.

Билет Zakazbiletov.kz сайтында сатылымға шығады.

Матчтың тікелей көрсетілімін Qazsport телеарнасында жəне Setanta Sports платформасында онлайн форматта көруге болады.