«Alem Band» тобының құрамы өзгере ме?
Хайп арқылы кеңінен танылған топ мүшелері енді мүлдем басқа бағытта жұмыс жасамақ.
Бүгінде отандық шоу-бизнесте төрт жылға жуық уақыт сахнада жүрген «Alem Band» тобы әнбаяндарына аты шулы бикешті түсіріп, ұпай жинаса, кейіннен әлеуметтік желі арқылы жұрттың ашуына тиген жас бойжеткенді шақырып танымалдылығын қара пияр арқылы арттырған еді. Осы уақытқа дейін бұл топ құрамындағы үш жігітті ауыстырып үлгерді. Енді boys band қатарына Нұрдәулет есімді өнерпаз қосылды. Бұл ауысулар Alem band-тің шығармашылығына кері әсерін тигізбей қоймапты.
«Көбінесе Нұрдәулеттің би жағынан, репертуар жаттап алуына, жалпы бізді қуып жетуіне жұмыс жасадық. Қазір оның даусымен барлық ән дайын тұр. Осы көктемге қарай тыңдарманға ұсынамыз. Алдағы уақытта ән жағы, би, сахна, бейнебаян болсын барынша эксперимент жасауға тырысамыз. Ұжыммен жұмыс жасау оңай емес әрине. Біз сахнада жай қарап тұра бермейміз. Топтағы жігіттермен бірге қалыспай билеу, бұрынғы жігіттің орнын басып ән шырқау, тыңдармандарға ұнау оның барлығы біз үшін жауапкершілік», - дейді «Alem Band» тобы.
Алдағы уақытта топ құрамы өзгермейді. Әлеуметтік желіде сынға ілініп, жағымсыз пікірлерден көз ашпай, талай мәрте тарап кетудің алдында тұрған ұжым, енді шығармашылығын қолға алып, қара пиярсыз жүруді көздеп отыр.