Александр Лукашенко қазақтар мен белорустарды «қан байланыстырған жақын халықтар» деп атады

Беларусь президенті Александр Лукашенко Минскіде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновті қабылдады.

primeminister.kz

Астана, NEGE. Кездесу барысында Беларусь басшысы екі елдің қарым-қатынасы тек экономикалық байланысқа ғана емес, ортақ тарихқа да негізделетінін айтты.

«Сіздер жат жерге келмегендеріңізді білулеріңіз керек. Белорустар – сіздердің жақын адамдарыңыз. Ауызекі тілімен айтсақ, бізді қан байланыстырады», – деді Лукашенко.

Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген қазақстандықтың Беларусь аумағында соғысқанын еске салды.

Өз кезегінде Олжас Бектенов Беларусь Президентіне алғысын білдіріп, Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін білдіріп, Мемлекет басшысының қазақ-белорусь қарым-қатынасының дамуына айрықша мән беретінін атап өтті.