Алдағы күндері оңтүстікте ауа температурасы 46 градусқа дейін көтерілмек
«Қазгидромет» РМК 16-18 шілде күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды. Болжамға сәйкес, солтүстік-батыс циклоны мен соған байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты батыс, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде ауа райы тұрақсыз болады.
Астана, NEGE. Алдағы үш күнде кей жерлерде қатты жауын-шашын жауып, бұршақ түсіп, жел екпіні күшейеді деп болжанған.
Жауын-шашын салдарынан Қазақстанның батысында аптап ыстық біртіндеп бәсеңдегенімен, елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысының жекелеген аудандарында Орта Азия өңірлерінен келетін ыстық ауа массаларының ықпалы сақталады. Оңтүстік өңірде негізінен жауын-шашынсыз күн райы күтіледі, тек оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында өткінші найзағайлы жаңбыр болуы мүмкін. Ал күндіз ауа температурасы 41... 46°С-қа дейін жетеді деп болжануда.
«Бұл климаттық нормадан жоғары», – дейді синоптиктер.
Еліміздің батысында күндіз ауа температурасы 22... 35°С болады. Солтүстікте температура қысқа мерзімге 21... 36°С-қа дейін төмендейді, ал республиканың орталығы мен шығысында 41°С-қа дейін өте қатты ыстық сақталады.