Алдағы 12 айда базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендеуі мүмкін – сарапшылар
Сарапшылар Ұлттық банктің 4 қыркүйектегі отырысында базалық мөлшерлеме 16,5%-ға дейін төмендейді деген болжам жасады. Қаржыгерлердің болжамынша, алдағы 12 айда мөлшерлеме 14,75%-ға дейін түсуі мүмкін.
Астана, NEGE. Мұндай болжам Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының тамыз айында қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізген кезекті сауалнама қорытындысында көрсетілген. Зерттеуде банк, сақтандыру және брокерлік ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ талдау және қазынашылық бөлімдері қызметкерлерінің пікірлері зерделенген.
Сарапшылар теңгенің бағамына қатысты болжамын оң бағытқа өзгертті: қыркүйекте доллар 480,2 теңге, ал бір жылдан кейін 512,2 теңге болады деп болжанып отыр. Бұған дейінгі болжам тиісінше 483,3 және 520,4 теңге болған. Бұған Ұлттық банк операциялары аясында шетел валютасын сату көлемінің ұлғаюы, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен экспорттаушылардың валюталық түсімдерін айырбастауы, сондай-ақ ірі отандық компаниялардың тоқсандық салық кезеңіне дайындалуы әсер етпек.
Қаржыгерлер алдағы он екі айдағы инфляция болжамы бір ай бұрынғы 10,4%-дан 10,1%-ға дейін төмендейді деген болжам жасаған. Бұған баға өсімінің баяулауы әсер етуде: шілдеде айлық инфляция 0,8%-дан 0,6%-ға, ал жылдық инфляция 10,3%-дан 10,2%-ға дейін төмендеді.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі инфляциялық қысымның әлсіреуі және жиынтық сұраныстың басылуы Ұлттық банкке ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік береді.
«Қаржылық жағдайдың біртіндеп жұмсаруы, ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, мұнай өндіру мен экспорттық жеткізілімдердің қалыпқа келуі, көлік-логистикалық белсенділіктің артуы және өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа өндіріс қуаттарының іске қосылуы іскерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауы мүмкін. Осыған байланысты алдағы 12 айдағы ЖІӨ өсіміне қатысты болжам бұрынғы 4,6%-дан 4,7%-ға дейін жақсарды», – деген қорытынды жасайды қаржыгерлер.
Сондай-ақ бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 77,3 доллар болады деп болжанып отыр. Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 84 доллар деңгейінде бағаланып отыр.