Алаяқтар Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы атынан ақша бопсалаған

Алаяқтар өздерін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы ретінде таныстырып, экс-басшының әріптестерінен ақша сұраған.

Алматы, NEGE. БҚО полиция департаменті алаяқтық жасады деген екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Алаяқтар Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның танысына қоңырау шалып, 300 мың теңге аударуды сұраған.

"Аймұрзиеваның танысы саспай, оған өзі қоңырау шалып, алаяқтардың қоңырауы туралы айтты. Аймұрзиева полицияға арыз жазған. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, екі күдікті анықталды. Олардан айғақтар алынды. Күдіктілер Аймұрзиеваның танысы емес. Бұлтартпау шарасы әлі таңдалған жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр", - деді БҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қуандық Алпыс.