Алаяқтар енді eGov қызметкері ретінде хабарласа бастаған
Бас прокуратураның хабарлауынша, интернет-алаяқтық жағдайлары 17,2 мыңнан 14,6 мыңға дейін төмендегенімен, алаяқтар ел тұрғындарын алдаудың жаңа тәсілдеріне, соның ішінде eGov қызметкері ретінде қоңырау шалуға көшкен.
Астана, NEGE. Прокуратура ақпаратынша, тек соңғы бір айдың ішінде мұндай 30-ға жуық дерек тіркелген.
Мұндай жағдайға Тараз қаласы тұрғындарының бірі тап болған. Оған белгісіз адам қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырып, оның атына ЭЦҚ шығарылғанын хабарлаған. Кейін WhatsApp арқылы онымен басқа адамдар хабарласып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін айтқан. Алаяқтардың арбауына түскен әйел олардың шотына 2 млн теңгеден астам қаржы аударған. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады.
Әдетте алаяқтар азаматтарға олардың атынан ЭЦҚ рәсімделгені немесе өзге де заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы жалған ақпарат береді. Одан кейін әңгімеге олардың сыбайластары араласып, заңсыз несие рәсімдеудің алдын алу сылтауымен жәбірленушілерді өздері көрсеткен шоттарға ақша аударуға көндіреді.
«Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейді. Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталары мен ЭЦҚ деректерін бермеңіз, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз», – деп ескертеді прокурорлар.
Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, тиісті мемлекеттік органға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы хабарласқан жөн.