Алаяқтар БЖЗҚ салымшыларын алдауға көшкен
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдері салымшыларды арбаудың жаңа тәсілдері шығып жатқанын хабарлап, алаяқтардан қорғану жолдарын түсіндірді.
Астана, NEGE. Қор бөлімшелеріне міндетті зейнетақы жарналары аударылмағаны туралы хабар алған азаматтар жиі жүгінетін болған. Алаяқтар ел тұрғындарын өздерін қор қызметкері ретінде таныстырып, алдауға көшкен. Олар зейнетақы есептеу кезінде бірнеше жылғы еңбек өтілі ескерілмей қалғанын, зейнетақыны қайта есептеп, мөлшерін арттыруға болатынын айтып, жұртты сендірген.
«Алаяқтар сенімге кіру мақсатында Қордың нақты жұмыс істейтін бөлімшелерінің мекенжайын айтып, азаматтарды сол жерге келуге шақырады. Филиалға жүгінушілердің айтуынша, қызметті «жылдам әрі ыңғайлы алу үшін» алдын ала электрондық кезекке қоямыз деп, SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды. Өкінішке қарай, мұндай кодтарды алаяқтарға хабарлап қойған азаматтар да бар», – делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Бұл ретте қор өкілдері БЖЗҚ қызметкерлері азаматтарға өздігінен қоңырау соқпайтынын, телефон арқылы, электрондық пошта немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректемелерін және өзге де құпия ақпаратты ешқашан сұрамайтынын қатаң ескертеді.
«Қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді, мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білгенімен, бұл оның ресми қызметкер екенін білдірмейді. Мұндай мәліметтер алаяқтардың қолына ашық дереккөздерден түсуі мүмкін», – деп ескертеді мамандар.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
- SMS арқылы келген кодтарды және жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз.
- Әңгіме SMS-код туралы басталған сәтте күмәнді қоңырауды бірден тоқтатыңыз.
- Ақпараттың дұрыстығын тек ресми арналар арқылы тексеріңіз (байланыс орталығы, ресми сайт немесе мобильді қосымша)
Мамандар алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді.