11 октября 2024 г. 17:26

«Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты көптомдығының алғашқы 6 томы жарық көрді

Фото: NEGE

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде көптомдықтың таныстырылымы өтті.

Алматы, NEGE. Бұл еңбекте ХХ ғасырдағы Қазақстанның саяси тарихынан мол мағлұмат беретін құжаттар құпиясыздандырылған. Жобаның ғылыми жетекшісі – Мәмбет Қойгелдиев. Архив қызметкерлерінен бөлек бұл жобада 35 адам жұмыс істеді. Оның ішінде 6 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты және архив қызметкерлері қатысты. Бұл еңбек – ұжымдық жұмыстың нәтижесі.

Фото: NEGE

«Құжаттарды іріктеудің өзі күрделі мәселе. Жинаққа енген құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстарын да жүргіздік. Ең алдымен құпиясыздандырылды, содан кейін ғана ғылыми айналымға енгізу ұсынылды. Еңбекте Алаш қайраткерлерінің қуғын-сүргінге ұшыраған алғашқы жылдарынан бастап барлық құжат қамтылды. Бұл құжаттарды жариялауды жаңалық десе де болады. Бұған дейін мұндай тақырыппен құжаттар топтастырылып берілмеген. Әр том кіріспемен басталады. Қазіргі таңда 6 томдық жарық көрді. Осы жылдың аяғына дейін толық 12 том шығады. 12 томның әрқайсысы 2 мың тиражбен таралады. Әр том 500 беттен асады. 12 томдық кітапты бір жылда шығару көп жұмысты талап етті», – деді Гүлшат Рамазанқызы.

Кітапқа 3 мыңға жуық жаңа құжаттар енгізілген. Алаш қозғалысына қатысты бұған дейін де құжаттар жарияланған. Алайда бұл томдыққа жаңа құжаттар енгізілді.

Фото: NEGE

«Кітапта жарияланған құжаттардың барлығы Ұлт азаттық қозғалыстың болғанына дәлел. Мұнда өте маңызды материалдар бар. Олардың барлығы осы уақытқа дейін жасырын архивте жатып, енді жарыққа шығып жатыр. Ол ұлттық мүддеге, ұлтқа жұмыс істеуі тиіс. Архивті сарғайған, иісі шыққан қағаз деп ойламау керек. Алаш зиялыларына қатысты құжаттардың архивте жатқаны жөн емес. Ұлт азаттық көтерілісіне қатысты басылым бұған дейін жарық көрмеген. Бұған мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекетке, Президентке және осы жұмысқа тікелей басшылық жасаған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге рахмет айтамыз», – деді Мәмбет Қойгелдиев.