Алакөлдегі бірнеше демалыс базасынан өрт шықты
Алакөлде 4 демалыс орны өртеніп, жеті адам зардап шекті.
Алматы, NEGE. «Алакөл жағасындағы демалыс базасында алдын ала есептелгендей 3 мың шаршы метр аумақ өртенген. 4 демалыс орны бүлінді. Бір-біріне жалғап салынған ағаш үйлерге өрт жылдам тарады. Оның үстіне қатты жел де өртті сөндіруге кедергі келтірген. 5 сағат 40 минутқа созылған алапат өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, жергілікті органдардан келген 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды. Өрттен зардап шеккен 7 адам медициналық көмекке жүгінген. Алайда олар ауруханаға жатудан бас тартқан», - делінген Абай облысының ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.
Өрттің неден шыққаны анықталуда. Оқиға орнында оперативтік штаб жұмыс істеп жатыр. Айта кетсек, 4 шілде күні сағат 23:20-да Үржар ауданындағы Алакөл жағасындағы демалыс базасында өрт шыққан. Қатты желдің кесірінен қызыл жалын қас пен көздің арасында көрші базаны шарпып үлгерген.