Алакөл неге жабылды?
Шығыс Қазақстан тұрғындары мен облыс қонақтарынан Алакөл көліне бармауды сұрайды, деп хабарлайды ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.
Алматы, NEGE. Мекемедегілердің айтуынша, облыс пен Үржар ауданында коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты ауданның мемлекеттік Бас санитария дәрігері карантин тәртібін күшейтіп, Алакөл жағасына шектеу шараларын жариялауға мәжбүр болған. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы мен Үржар ауданындағы COVID-19 коронавирус инфекциясы жағдайы күрделі, аурудың ең жоғары көрсеткіші әлі тіркелген жоқ.
«Осыған байланысты, тұрғындар, демалушылар мен қызметшілердің жаппай коронавирусқа шалдығуының алдын алу үшін Үржар ауданының мемлекеттік бас санитария дәрігері 2020 жылдың 22 шілдесінде «Үржар ауданының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы» №7 қаулыны қабылдады», – деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.