Алакөл туристік аймағының инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 млрд теңге бөлінген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Берік Уәли Президентке Абай облысының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы алғашқы төрт айдың көрсеткіштері жөнінде баяндады.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, өткен жылы өңірде жалпы өңірлік өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жетті. Биыл қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды көрсетсе, инвестиция көлемі 19,4 пайызға өскен.

Ақорда

Былтырдан бастап жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайған.

«Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты. Ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге болатын "Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Семей қаласында құны 714 миллиард теңгені құрайтын жаңа жылу электр орталығы мен жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жобалары іске асырылып жатыр», – делінген Ақорда хабарламасында.

Облыс басшысы арнайы экономикалық аймақ құру жұмыстарына да тоқталып өтті. Семей қаласында жоспарланған аймақта жалпы құны 400 миллиард теңге болатын өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Үш ірі жоба бойынша ұсыныс түскен.

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы ақпарат берілді. Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған», – делінген хабарламада.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Берік Уәлиге өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және «Абайға құрмет» акциясын жоғары деңгейде өткізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.