«Әлі көзін ашқан жоқ»: Жамбыл облысында оқушы бала «сходқа» кешіккені үшін соққыға жығылып, ес-түссіз жатыр

Жамбыл облысында оқушылар арасындағы әлімжеттік әлі де тыйылар емес. 31 қазанда Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылында 9-сынып оқушысы «сходқа» кешіккені үшін соққыға жығылған. Жасөспірімнің жүрегі тоқтап, дәрігерлер оны қайта тірілткен.

t.me/jasalashkz

Астана, NEGE. «Жас Алаш» редакциясына оқиғаның мән-жайын баяндаған Асылбектің әпкесі Аружан Рахманқұлдың айтуынша, оқиға кезінде інісі 14 жаста болған. Жақында ғана 15-ке толған. Отбасындағы жалғыз ұлдың мұндай жағдайға түсуі жақындарына ауыр соққы болған.

Аружанның сөзінше, ауылда жоғары сынып оқушыларының төменгі сыныптағыларды жинап, өздеріне бағындыратын бейресми тәртібі қалыптасқан. Мұндай жиналыстарды балалар «сход» деп атайды. Оған қатысу міндеттеледі, кешіккендер мен келмегендер жазаланады екен.

31 қазанда да осындай жиналыс өткен.

«Біз ауылда мұндай тәртіп барын білмеппіз. Інімнің "сходқа" қатысып жүргенінен де хабарсыз болдық. Кейін анықтасақ, жоғары сыныптың балалары кішілерді жинап, өздеріне бағындырады екен. Сол күні інім жиналысқа кешігіп барған. Менің білуімше, 11-сыныптың екі оқушысы 10-сыныптағы балаға інімді ұруды бұйырған. "Ұрмасаң, сені ұрамыз" деп қорқытқан. Содан әлгі бала інімнің кеуде тұсынан соққы жасаған. Асылбек сол жерде есінен танып қалған», – дейді Аружан.

Балалар басында оны жай ғана талып қалды деп ойлап, бетіне су шашып оятуға тырысқан. Бірақ есін жимаған. Соған қарамастан, жедел жәрдем шақыруға қорыққан. Өйткені жедел жәрдеммен бірге полиция келеді деп ойлаған. Ақыры өз әкелерінің көлігімен Асылбекті Асадағы ауруханаға жеткізген.

Оның айтуынша, төрт жасөспірім Асылбекті ауруханаға апарып, сол жерде қалдырып кеткен. Ата-анасы жеткенде дәрігерлер баланың жүрегі тоқтап қалғанын хабарлаған. Тараздан реаниматолог шақыртылып, медицина мамандары жасөспірімнің өмірін сақтап қалу үшін шамамен 40 минут күрескен. Ақыры жүрек соғысы қалпына келген. Алайда оттегі жетіспеушілігінен баланың миы зақымданған.

 Оқиғадан кейін ауыл ішінде Асылбектің бұрыннан талма ауруымен ауырғаны туралы әңгіме тараған. Әпкесі мұны жоққа шығарады.

«Оқиғадан кейін "жай ғана төбелесіп қалған", "өзінің талма ауруы болған" деген әңгімелер шыға бастады. Үндемей отыра алмадым. Ауыл кішкентай, жұрт бірін-бірі таниды. Істі өзара келісіп, жылы жауып қоя ма деп қорықтым. Сондықтан әлеуметтік желіге шығып, мәселені жарияладым. Содан кейін ғана түрлі жиналыстар өткізіліп, жауапты адамдар келе бастады», – дейді ол.

Аружанның айтуынша, оқиға қоғамда талқыланған соң құқық қорғау органдарының өкілдері ауыл тұрғындарымен кездескен. Сол кезде ауылда «старшактар» деп аталатын үлкен балалардың барын естіген. Олардың арасында мектеп бітіріп кеткен жастар да болуы мүмкін. Олар төменгі сынып оқушыларын жинап, түрлі тапсырма беріп, бағынбағандарын жазалайды деген ақпарат бар. Тіпті кішкентай балаларды жұмыс істетіп, мал қора тазалататын көрінеді.

Жамбыл облыстық полиция департаменті 2 қарашада қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын хабарлады. Полицияның бастапқы мәліметінше, бұрыннан таныс екі жасөспірім арасында жанжал туындап, бірі екіншісіне соққы жасаған.

Алайда Асылбектің әпкесі тергеу барысына көңілі толмайтынын айтады. Оның сөзінше, аудандық полиция бөлімінің басшылығымен сөйлескенде, олар баланың денсаулығын бақылап отырғандарын жеткізген.

«Қайғылы жағдай болғанына 14 күннен асты. Асылбек әлі көзін ашқан жоқ, ес-түссіз жатыр. Жағдайы өте ауыр. Мұны полиция қызметкерлері де, ауруханаға келіп, баланың жағдайын өз көзімен көрген прокурор да біледі. Бірақ оқиғаға қатысы бар балалар ештеңе болмағандай еркін жүр. Тіпті үйқамаққа да алынбаған», – дейді әпкесі.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында биыл бес айда бес жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап қаза тапқанын жазған едік. Ауылдың ай сайын дерлік бір баладан айырылып, қара жамылып отырғанын редакциямызға тұрғындардың бірі хабарлаған болатын. Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты растап, бұл деректер бойынша бес қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеген.

Таяуда Бас прокуратура мәлімдеме жасап, Қаракемер ауылында оқушылар арасында өзіндік иерархиясы, бағыну қағидалары мен жазалау тәртібі бар «Система» деп аталатын бейресми құрылым әрекет еткенін хабарлады. Оқушылар арасындағы осы бопсалау жүйесі үш жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауына алып келген. Прокурорлар «Система» бейресми құрылымы жойылып, жеті күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.