Әл-Фарабидегі жол апаты: прокурор жүргізушіге қандай жаза сұрады?
Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне себеп болған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта тараптардың жарыссөзі басталып, прокурор Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Астана, NEGE. Іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша қаралып жатыр. Бұл бап мас күйде көлік жүргізіп, жол ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның қазасына әкелген жағдайларға қатысты қолданылады.
Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, оған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні Алматының әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан үш адам – Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы қыз қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан.
Сотта Александр Пак аздап сыра ішкенін, алайда масаң күйде болмағанын, сондай-ақ апат алдында көліктен ақау белгілері байқалғанын айтты. Бұған қоса ол өз кінәсін толық мойындап, тағайындалатын жазаны өтеуге дайын екенін мәлімдеді.