Әл-Фарабидегі көлік апатынан кейін қозғалған қылмыстық істердің бірі тоқтатылды
Наурыз айында Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған үш адамның өліміне әкеліп соққан жантүршігерлік жол апатынан кейін қозғалған қылмыстық істердің бірі тоқтатылды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін министр Ержан Сәденов жол-көлік оқиғасынан кейін мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалғанын, тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.
Бүгін, 9 маусымда Ішкі істер министрлігінің ресми өкілдері бұл іс тоқтатылғанын хабарлады.
«2026 жылғы 3 маусымда Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Алматыдағы жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен ішіндегі екі қыз қаза тапты. ІІМ мәліметінше, адам өліміне әкелген жол апатына күдікті Zeekr жүргізушісі апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Жол апатынан кейін полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік таныту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сот отырысында айыпталушы – Zeekr жүргізушісі Александр Пак өзіне тағылған айыптар бойынша кінәсін толық мойындап, марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады. Ол Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша: «Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген алкогольдік масаң күйде көлік құралдарын басқару қағидаларын бұзу» бойынша айыпталып отыр.
Ал жәбірленуші тараптар сотталушы Александр Пакқа ешқандай кінәрат-талап қоймайтынын айтып, оны кешіргенін мәлімдеді.