Әл-Фараби даңғылындағы апат: жәбірленуші тарап адвокаттардан бас тартты
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан қаза тапқандардың жақындары өз адвокаттарының қызметінен бас тартты.
Астана, NEGE. Адвокат Анна Чернованың сөзінше, жәбірленушілердің мұндай шешімге не себепті барғаны оларға беймәлім. Дегенмен жәбірленушілердің бәрі өтемақы алып, сотталушымен татуласқан және соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
«Бүгін әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша біз үшін күтілген процессуалдық оқиға болды. Мен және Олег Чернов өкілдік еткен жәбірленуші тарап біздің қызметімізден бас тартты. Біз бұл шешімді құрметтейміз және бізге көрсетілген сенім үшін алғыс білдіреміз», – деді Анна Чернова.
Адвокаттардың сөзінше, ертең айыпталушы Александр Пактан жауап алынады.
Еске салайық, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні, шамамен сағат 03:30-да әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, айыпталушы Александр Пак мас күйде Zeekr көлігін басқарған. Ол қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан 29 жастағы жүргізуші Еламан және 20 мен 22 жастағы екі жолаушы қыз қаза тапты.
Соңғы күндері сотта апатқа дейін сотталушымен бірге болған куәгерлерден жауап алынып жатыр. Олардың алкогольдің масаң күйде болған-болмағаны жөніндегі жауаптары бір-біріне сәйкес келмей отыр.