Әл-фараби даңғылында жол апаты: Ішкі істер министрі тергеу барысын баяндады

Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, ІІМ Алматыдағы резонанстық жол апатының мән-жайын жан-жақты, объективті тергеп-тексеру және кінәлілердің жазадан жалтармауы бойынша шаралар қабылдауда. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

Видеодан кадр

Алматы, NEGE. Ішкі істер министрі жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

«ZEEKR автокөлігінің жүргізушісін сот шешімімен қамауға алу шарасы қабылданды. Анықталғандай, ол апат кезінде алкогольдік масаң күйде болған», – деді Сәденов.

Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды.

«Тергеуді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Қоғамда таралған барлық мәліметтер тексерілуде. Жағдайға объективті баға беру үшін Алматы қаласына ІІМ комиссиясы – Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент жіберілді», – деді министр.

Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылған.

Ішкі істер министрінің айтуынша, қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда.

«Қалаға басқа өңірлерден полиция жасақтары жіберілді. Кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды», – деді Сәденов.

Осындай күшейтілген іс-шаралар бүкіл ел бойынша жүргізілуде.

«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Барлығы заң алдында тең», – деді Ішкі Істер министрі.

Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызда Алматыда әл-Фараби даңғылының бойында жантүршігерлік жол апаты болды. Жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылды

Қазақстанның оңтүстігінде тұрғындар жер сілкінісін сезді

Алматыдағы 2,2 млрд теңгелік коттедждің кімге тиесілі болғаны анықталды

Экономика министрлігі халық табысы не себепті азайғанын түсіндірді