Ақтөбелік әйел үйіне жақын салынған автосервис ғимаратын бұзғызып тастады
Ақтөбе тұрғыны үйіне жақын салынған автосервис ғимаратын бұзу туралы шешімге қол жеткізді.
Астана, NEGE. Екі қабатты мотор майын ауыстыруға арналған көлік жөндеу орталығы оның тұрғын үйінен шамамен 1–1,5 метр қашықтықта салынған.
Әйелдің пікірінше, аталған нысан бронхиалды астмамен ауыратын жасөспірім баласының жатын бөлмесінің терезелеріне жақын орналасуы оның құқықтарын және санитарлық қауіпсіздік нормаларын бұзады. Сонымен қатар, талап қоюшы 203 316 теңге көлемінде материалдық шығынды өндіруді сұрады, ол бұл соманы баласының ауруының асқынуымен, сол себепті көпсалалы ауруханаға жатқызылуымен негіздейді, – деп мәлімдеді сот.
Талап қоюшы, сондай-ақ, отбасының денсаулығы мен өмірі үшін үнемі алаңдаушылық тудырған физикалық және психологиялық қиындықтарға байланысты 2 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеуді сұрады.
Сот талқылауы барысында аталған нысанның заңнаманы елеулі түрде бұза отырып салынғаны анықталды: рұқсат құжаттары, жоба-сметалық құжаттама, сараптама қорытындысы, авторлық және техникалық қадағалау болмаған. Санитарлық алшақтық нормалары (кемінде 15 м) және өртке қарсы қашықтықтар (кемінде 6 м) сақталмаған.
Ақтөбе қалалық сотының шешімімен жауапкерге даулы нысанды бұзу міндеті жүктелді. Материалдық шығын мен моральдық зиян өндіру туралы талап қанағаттандырылған жоқ. Себебі ұсынылған медициналық құжаттарда баланың ауруының асқынуына орталық жұмысының, соның ішінде құрылыс материалдары мен автокөлік құралдарының дыбысы тікелей себеп болғаны көрсетілмеген.
Сот шешімі заңды күшіне енді.